2025 жылдың 21-қарашасында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жоғары білімдегі сапа мәдениеті» тақырыбына семинар өтті. Семинарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (ҚР ҒЖБМ) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті мен Білім және мәдениет бойынша Еуропалық атқарушы агенттіктің қолдауымен Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі және Жоғары білімді реформалау ұлттық сарапшылар тобы (HERE) ұйымдастырды.
Семинар жоғары білім берудегі сапа мәдениетінің негізгі қырларын талқылау мен түсіндіруге, сондай-ақ оны ұлттық контексте нығайту мен дамытуға бағытталған практикалық ұсыныстарды әзірлеуге бағытталды. Іс-шараға офлайн және онлайн қатысушыларды қоса алғанда, еліміздің 50-ге жуық жоғары оқу орнының 200-дей өкілі қатысты. Қатысушылар арасында ректорлар, проректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері, білім беру бағдарламаларының жетекшілері, оқытушылар, комплаенс-офицерлері болды.
Семинар аясында сапа мәдениетінің ұғымы, әдіснамасы, тұжырымдамалары және ілгерілету механизмдері, білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі сапа мәдениеті, емтихан сессияларын ұйымдастыру, ғылыми еңбектердегі академиялық адалдық, инженерлік білім сапасы, аккредитациялау органдарына қойылатын талаптар, XXI ғасыр студенті секілді тақырыптарға баяндамалар жасалды. Осылайша, семинар нәтижесінде бүгінгі жоғары білім саласының алдында тұрған сын-қатерлер жағдайында сапа мәдениетін қалай қалыптастыру қажеттігі бойынша бірқатар ұсыныс әзірленді.
Семинар нәтижесінде келесі тұжырымдар мен ұсыныстар берілді:
- Сапа мәдениеті – философиялық, мәдени, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қырларды қамтитын көпқырлы құбылыс.
- Жоғары білім берудегі сапа мәдениеті деп біз жоғары оқу орнында білім беру процесі мен нәтижесінің барлық қатысушыларына қойылатын талаптарға сәйкес болуын қамтамасыз ететін құндылықтар, көзқарастар, нормалар мен мінез-құлық қағидаларының жиынтығын түсінеміз.
- Сапа мәдениеті ұйымдық мәдениеттің бір бөлігі болып табылады және жоғары оқу орнының корпоративтік мәдениетін қалыптастырудың негізін құрайды.
- Сапа мәдениеті ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің негізгі элементі болып саналады.
- Сапа мәдениеті жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесінің барлық индикаторларын қалыптастырады: мазмұнды, персоналды (ОПҚ), контингентті (студенттер) және инфрақұрылымды қамтиды. Осыған байланысты сапа мәдениеті қалыптасқан білім беру ортасына сүйене отырып, білім беру процесінің сапалы ұйымдастырылуына тікелей әсер етеді.
- Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру қалыптасқан әрі қабылданған сапа мәдениетіне негізделуге тиіс.
- ЖОО-да қалыптасқан сапа мәдениеті білім беру бағдарламаларының сапасына, аралық аттестацияны ұйымдастыру мен өткізуге, бақылау іс-шараларына және академиялық адалдық қағидаттарының сақталуына өз ықпалын тигізеді.
- ЖОО-лар білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету мақсатында білім беру бағдарламаларының тізілімінің жұмыс қағидаттарын білуге және оларды сақтауға тиіс.
- Сапа мәдениеті ішкі және сыртқы стейкхолдерлердің мүдделерін қамтамасыз етуді, клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтауды көздейді.
- ЖОО-лар білім беру процесінің түрлі аспектілерін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалана отырып трансформациялауды қамтамасыз етуі қажет.
- Білім беру процесінің барлық қатысушыларының тартылуы, орындаушылығы және жауапкершілігі – сапа мәдениетін, ұжымдық сенімді және университеттің ортақ құндылықтарын қалыптастырудағы маңызды жеке элементтер.
- ЖОО-лар студенттер арасында сапа мәдениетін ілгерілету бойынша ағартушылық және тәрбие жұмыстарын жүргізуге тиіс.
- ЖОО-лар академиялық адалдық қағидаттарын бұзуға төзбеушілікті қалыптастыратын академиялық ортаны құруы қажет, жоғары білім сапасын басқару мен ғылыми зерттеулер сапасын қамтамасыз етуде жүйелі өзгерістер енгізуі керек.
- Сапа мәдениетін ілгерілету барлық стейкхолдердің (ішкі: басшылық, ОПҚ, менеджерлер, студенттер, қызметкерлер; сыртқы: уәкілетті органдар, аккредитациялық агенттіктер, әлеуметтік серіктестер) қызмет процестерін жетілдіруге белсенді қатысуы арқылы ғана мүмкін болады.
- Erasmus+ Ұлттық кеңсесі мен HERE тобы «Академиялық процестерді цифрландыру», «Тәуекелдерді басқару» және «Цифрлық педагогика» тақырыптары бойынша семинарлар өткізуді қарастыруы қажет.
Семинар жазбасы мына сілтемеде қолжетімді.
Ал материалдарды сайтымыздан таба аласыздар.