Ағымдағы жылдың 16-27 маусымы аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде «Еуропалық Одақтың жұмсақ күшінің аймақтық және жаһандық өлшемдері» деп аталатын 2-ші Халықаралық жазғы мектеп болып өтті.

Ағымдағы жылдың 16-27 маусымы аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде «Еуропалық Одақтың жұмсақ күшінің аймақтық және жаһандық өлшемдері» деп аталатын 2-ші Халықаралық жазғы мектеп болып өтті. Ол 2023 жылдан бастап іске асыралатын, Эразмус+ аясында ЕО қаржыландыратын EUROSOFT Жан Моне шеберлік орталығы жобасының жоспарына сай ұйымдастырылды. Жазғы мектеп жұмысы гибридтік қалыпта жүргізілді. Мектепке факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, магистранттары мен докторанттары қатысты. Онлайн режимде Астана, Қарағанды, Павлодар, Шымкент университеттерінен 70-тен астам оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан оқу орындарының өкілдері қатысты.

Жазғы мектепті ұйымдастыруда Еуропалық Одақ пен ЕО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық мекемелері өкілдерінің дәрістеріне басты мән берілді. ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігінің атынан Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы, 1-сыныпты кеңесші Йоханнес Баур ЕО-ның Орталық Азия елдерімен және Қазақстанмен қарым-қатынастарындағы жұмсақ күштің рөлі туралы қызықты дәріс оқыды. Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона мектептің ашылу салтанатында қонақ болып қана қоймай, мәдени-ағарту контекстіндегі Қазақстан-Венгрия қарым-қатынасының дамуы туралы өз көзқарасымен бөлісті. Францияның Қазақстандағы Елшілігінің білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі аймақтық атташесі Ксавье Ле Торривелек «Қазақстандағы білім және мәдениет саласындағы француз саясаты» тақырыбында дәріс оқыды. Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Елшілігінің саяси мәселелер және адам құқықтары жөніндегі аға кеңесшісі Ирина Бучинскаяның дипломатиядағы, жұмсақ күшті таратудағы гендерлік мәселелерге арналған лекциясы тыңдаушылар арасында үлкен толқу тудырды. Қазақстандағы Эразмус+ Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанованың «Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасы туралы» тақырыбындағы дәрісі ЕО қаржыландыратын жобаларға қатысуға ниет білдірушілер үшін ақпараттық және практикалық аспектілер бойынша аса құнды болды.

Жазғы мектеп жұмысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ еуропалық серіктес университеттер атынан Әулие Климент Охридский атындағы София университетінің профессоры Виотлетта Добычина өз дәрісінде ЕО жұмсақ күшінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде университеттер арасындағы академиялық серіктестікке ерекше тоқталды.

Орталық Азиядағы бауырлас елдердің зерттеушілері, атап айтқанда, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Қоғамдық-саяси ғылымдар институтының халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Фарход Толипов (Ташкент, Өзбекстан Республикасы), сол кафедраның оқытушысы Наргиза Содикованың және тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Баласагын атындағы Қырғызстан ұлттық университетінің тарих және аймақтану факультетінің доценті Момошева Назираның (Бішкек, Қырғызстан) дәрістері ЕО жұмсақ күшінің Өзбекстан мен Қырғызстанға әсері туралы түсінік берді.

Сондай-ақ, жобалық топ мүшелері (Медеубаева Ж.М., Кенжалина Г.Ж., Таштемханова Р.М., Жанбулатова Р.С., Нығманов Т.) жазғы мектеп тақырыбы бойынша өзекті мәселелерге қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.

Мектеп жұмысы интерактивті байланыста, офлайн және онлайн режимінде пікір алмасумен қорытындыланды. Мектеп тыңдаушылары ұйымдастырушыларға алғыс білдірумен қатар, мектеп жұмысының тиімділігін арттырудағы тілектерін білдірді (секциялық жұмыстарға басымдық беру және мектептің орналасуын әртараптандыру). Жазғы мектеп жұмысына белсене қатысқан барлық тыңдаушыларға сертификаттар табыс етілді.

Image