2026 жылғы 10-13 наурыз аралығында Кенжегали Сагадиев атындағы Халықаралық Бизнес Университетінде UIB International Week 2026 аясында «Ғаламдық ынтымақтастық: ғылым, инновациялар және мәдени алмасу» тақырыбында оқытушылардың біліктілігін арттыруға арналған Халықаралық апта өтті.
Оған Қазақстанның әртүрлі университетінен келген оқытушылар, зерттеушілер және сарапшылар, сондай-ақ шетелдік мамандар қатысты. Төрт күн бойы қатысушылар жоғары білім беру саласындағы қазіргі үрдістер, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері және халықаралық білім беру мен ғылыми бағдарламаларға қатысу перспективаларын талқылады.
Іс-шара бағдарламасы академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға, сондай-ақ инновациялық технологиялар мен жасанды интеллектті білім беру процесіне интеграциялауға бағытталған дәрістерді, практикалық сессиялар мен пікірталастарды қамтыды.
Университеттердің Erasmus+ және Horizon Europe халықаралық бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Іс-шара аясында Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі үйлестірушісінің ақпараттық сессиясы өтті. Іс-шараның бірінші күні қатысушыларға Erasmus+ бағдарламасы туралы жалпы ақпарат ұсынылса, екінші күні Erasmus+ жобалары үшін серіктестерді іздеу жолдары және бәсекеге қабілетті жоба өтінімдерін әзірлеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, іс-шара барысында жоғары білім әлеуетін арттыру (ЖБӘА) бағытындағы BERNICA, DIANA және EduFusion сияқты бірқатар қолданыстағы жобалар таныстырылып, жоба үйлестірушілері ЖБӘА жобаларын жүзеге асырудың үздік тәжірибелерімен бөлісті.
Бағдарлама барысында Қазақстандағы Horizon Europe ұлттық үйлестірушісі де сөз сөйлеп, қазақстандық зерттеушілер мен университеттердің Еуропалық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Апта баңдарламасына халықаралық сарапшылар мен шетелдік университеттер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Шақырылған спикерлердің арасында:
Түркия университетінің доценті тамақтану және нутрициология саласындағы халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесін таныстырды;
Литвадағы Денсаулық ғылымдары университетінің профессоры денсаулық сақтау саласындағы білім беруді цифрлық трансформациялау және виртуалды шындықты халықаралық ғылыми ынтымақтастық платформасы ретінде қолдану туралы айтып берді;
Германия қолданбалы ғылымдар университетінің халықаралық бөлімінің басшысы неміс университеттерімен академиялық ынтымақтастық механизмдерін және DAAD рөлін таныстырды;
Қазақстандағы Франция Елшілігінің жоғары білім мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы француз университеттерімен бірлескен оқу бағдарламалары мен қос дипломдық оқытуды дамыту тәжірибесі туралы баяндады;
Алматыдағы Француз альянсының өкілі елдер арасындағы мәдени және білім беру ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, қатысушылар қазақстандық студенттердің шетелде білім алу мүмкіндіктерін, университеттердің интернационалдануын, халықаралық серіктестікті стратегиялық дамыту және жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Іс-шара оқытушылардың біліктілігін арттыру курсына қатысқан 17 қатысушыға сертификаттар табыстау салтанатты рәсімімен қорытындыланды.
UIB International Week 2026 тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және ғылым, білім және инновациялар саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.