Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі Жоғары білімді реформалау ұлттық сарапшылар тобымен (HERE) және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, 2025 жылдың 15-16 қазанында Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында «Жоғары білімнің миссиясы мен құндылықтары» тақырыбында Техникалық көмек миссиясы аясындағы (ТАМ) семинар өткізді. Бұл екі күндік іс-шара ректорларды, проректорларды, декандарды, саясаткерлерді және жоғары білім беру саласының сарапшыларын біріктіріп, жоғары білімнің өзгеріске ұшыраған миссиясы мен құндылықтарын және олардың қазіргі заманғы әлеуметтік және институционалдық міндеттерді шешудегі рөлін талқылады. Семинарға еліміздің 11 қаласының 29 жоғары оқу орны мен мекемесінен 52 өкіл қатысты.
Семинар Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының Ректоры Тұрсынзада Қуанғалиеваның, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі Ынтымақтастық бөлімі басшысының орынбасары Хуана Мера Кабеллоның және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гульжан Джарасованың алғы сөздерімен басталды. Сондай-ақ іс-шара басында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Қазақстандық жоғары білімнің құндылықтары мен институционалдық тұтастығын дамытуға қолдау көрсетуге деген ыстық ықыласын білдірген сәлемдеме хаты оқылды.
Негізгі баяндамаларды жоғары білім беру саласының тәуелсіз сарапшысы, Еуропа Кеңесі Білім департаментінің бұрынғы басшысы, д-р Шур Берган жасады. Д-р Берган жоғары білімнің тарихи эволюциясына, университеттердің негізгі мақсатына және Еуропалық жоғары білім аймағында (EHEA) құндылықтар мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына жан-жақты талдау жасады.
Ұлттық сарапшылар Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы саясатты дамыту және институционалдық трансформация тақырыптарын талқыға салды. HERE командасының төрағасы, Астана IT университетінің бірінші проректоры, Серік Өмірбаев қазақстандық жоғары білім жүйесіндегі реформалардың тарихи траекториясы мен кезеңдері туралы баяндама жасап, семинар модераторы болды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы, Гульжан Джарасова жоғары білімнің ұлттық прогреске және қоғамдық дамуға жәрдемдесудегі маңызына ерекше тоқталды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, HERE сарапшысы, Бану Нарбекова Ұлттық біліктілік шеңберін жаңарту және оның білім берудің өзектілігі мен сапасын сақтауға қосқан үлесін талқылады. «Kazakhmys Smelting» ЖШС кадрлар бөлімінің директоры Нұргүл Нұрғалиева кәсіби біліктілікті танудағы және білім беру жүйесі мен еңбек нарығының өзара әрекеттесуін нығайтудағы жұмыс берушілердің рөлі туралы айтты. Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) Академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын университеттердің стратегиялық мақсаттарына жетуіне мүмкіндік беретін адами ресурстарды дамыту стратегияларын талқылады.
Семинар барысында қатысушылар белсенді түрде тәжірибе алмасып, топтық жұмыстарға қатысты. Семинардың қорытынды ұсыныстарында жоғары оқу орындары өз қызметін жоғары білім миссиясымен сәйкестендіру керектігі айтылды. Яғни, жоғары оқу орындары кәсіби дамуға, зерттеу әлеуетіне және жеке тұлғаның өсуіне ықпал ететін бағдарламалар әзірлеу арқылы – сыни ойлауды, дербестікті, мәдени және зияткерлік дамуды ынталандыру қажет. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына жоғары білімнің 6 іргелі құндылығын басқару құрылымына, қызметкерлерді дамыту бағдарламаларына және оқыту әдістеріне енгізу, білім сапасы мен өзектілігін арттыру үшін Ұлттық біліктілік шеңберін тиімді қолдану ұсынылды.
Семинар презентациялары осы сілтемеде қолжетімді.