ТАМ Семинар "Университеттер мен өндірістің тұрақты даму контексіндегі серіктестігі"

Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі (NEO KZ) Жоғары білімді реформалау ұлттық сарапшылар тобы (HERE) және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, 2025 жылғы 10–11 қарашада «Университеттер мен өндірістің тұрақты даму контекстіндегі серіктестігі» тақырыбында Техникалық көмек миссиясы (TAM) аясындағы онлайн семинар өткізді.

Іс-шараға ректорлар, проректорлар, факультет декандары, зерттеушілер, саясаткерлер және өндіріс өкілдері қатысты. Олар университеттер мен өнеркәсіп арасындағы өзара бірлескен жұмыстың тиімді тетіктерін талқылап, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес келетін тұрақты тәжірибелер мен технологияларды енгізу жолдарын қарастырды.

Семинардың бірінші күні 113 қатысушыны жинап, университеттердің инновациялар мен тұрақты даму арқылы өнеркәсіпті дамытудағы рөліне арналды. Алғы сөзді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы, HERE тобының мүшесі Гүлжан Джарасова сөйледі. Сессияларды Франциядағы Экс-Марсель университетінің (IAE) профессоры Кристина Теодораки және АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласындағы Лойола университетінің профессоры Максим Белицкий жүргізді. Олар кәсіпкерлік экожүйелерін дамыту мен тұрақты серіктестікті нығайтудағы Еуропаның үздік тәжірибелерімен бөлісті. Семинар бірінші күнінің соңында университет пен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі қиындықтары мен мүмкіндіктері талқыланған қызықты панельдік пікірталас өтті.

Семинардың екінші күніне 95 қатысушы қатысып, тұрақты даму қағидаттарын білім беру жүйесіне енгізу және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылды. Интерактивті сессиялар мен топтық жұмыстар барысында қатысушылар жасыл энергетика, нөлдік шығарындылар технологиялары және тұрақты ауыл шаруашылығы салаларындағы табысты ынтымақтастық мысалдарын талдады. Сарапшылар жасыл экономика саласында мамандар даярлау үшін оқу бағдарламаларын бейімдеудің және академиялық орта мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Семинар қорытындысында білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға, жаңа серіктестікке негізделген жобаларды ынталандыруға және тұрақты даму саласындағы үздік тәжірибемен алмасуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі іс-шараға атсалысқан серіктестерге, спикерлерге, сарапшыларға және қатысушыларға жоғары білім беру реформасын ілгерілетуге және Қазақстанның тұрақты болашағын дамытуға қосқан қомақты үлестері үшін шын жүректен алғыс білдіреді.

Барлық презентация сайтымызда қолжетімді.

Семинар жазбалары YouTube арнамызда қолжетімді: 1-күн, 2-күн.

Image