2026 жылғы 7-9 қазан аралығында Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Еуразия-Тынық мұхиты университеттері желісінің (Eurasia-Pacific Uninet, EPU) пленарлық отырысы және Erasmus+ ынтымақтастық семинары өтті. Іс-шара Австрия, Қытай, Үндістан, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жоғары оқу орындарының өкілдерін, зерттеушілерді, білім беру саласының сарапшыларын және халықаралық ынтымақтастық ұйымдарының өкілдерін біріктірді. Іс-шара Австрияның Білім беру және интернационалдандыру жөніндегі агенттігі (OeAD), EPU және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен, Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің қолдауымен өтті.
Іс-шараның ашылуында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Самғат Ермекбаев, Австрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Андреа Бахер, Австрияның Білім және интернационалдандыру агенттігінің (OeAD) басқарушы директоры Якоб Калице және EPU президенті Йозеф Штробль алғы сөз сөйледі.
EPU пленарлық отырысы Австрия мен Шығыс, Орта және Оңтүстік Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық әріптестікті нығайтуға арналды. Іс-шара диалог құруға, тәжірибе алмасуға және жаңа бірлескен бастамаларды әзірлеуге арналған алаңға айналды. Erasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктері мен жоғары білім беру саласындағы әлеуетті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның Erasmus+ ұлттық кеңселерінің (NEO) өкілдері мен жоғары білімді реформалау сарапшылары (HERE) іс-шара бағдарламасына қатысып, сараптамалық баяндамалар жасап, панельдік пікірталастарға қатысты. Олар Erasmus+ бағдарламасының жоғары білім беруді ұлттық және өңірлік деңгейде дамытуға ықпалы туралы өз көзқарастарымен бөлісті.
Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова екі сессияның модераторы болды. Бірінші сессия – «Erasmus+ аясындағы ынтымақтастық тәжірибеде: Австрия мен өңір елдерінің тәжірибесі» халықаралық академиялық ұтқырлық пен жоғары білім беру саласындағы әлеуетті дамыту мәселелеріне арналды. Екінші сессия – «Erasmus+ бағдарламасының жоғары білім берудің ұлттық және өңірлік деңгейде дамуына ықпалы» аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Австрия тәжірибесі негізінде бағдарламаның жоғары білімді дамытуға қосқан үлесі талқыланды.
HERE тобының мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Дана Абдрашева және CIMEA-ның Орталық Азиядағы директоры Айтжан Құлұмжанова панельдік пікірталастарға сарапшы ретінде қатысты. Дана Абдрашева «Академиялық орта мен еңбек нарығын байланыстыру: жоғары оқу орындары мен студенттерге болашақ еңбек нарығына қажетті дағдыларды меңгеруге қалай көмектесуге болады?» атты сессияда сөз сөйледі. Ал Айтжан Құлұмжанова «Азиядағы жоғары білімді қайта қарастыру: өзгермелі әлем жағдайында білім беру жүйелерін қалыптастыру» сессиясына спикер ретінде қатысты.
Іс-шара барысында ынтымақтастықтың келесі негізгі бағыттары қарастырылды:
Сонымен қатар, іс-шара аясында таныстырылым алаңы (marketplace) ұйымдастырылып, қатысушыларға Австрияның 10-нан астам жоғары оқу орнымен танысуға және ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылауға мүмкіндік берілді.
Екі жарым күнге созылған іс-шара халықаралық әріптестікті нығайтуға, сараптамалық білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін айқындауға ықпал етті.