23-25 ақпанда Сербияның Ниш университеті негізінде «Greening water education for sustainable development in Central Asia» атты халықаралық Эразмус+ жобасы аясындағы жұмыс тобының алғашқы семинар-кездесуі өтті. Іс-шараға Ахмет Ясауи университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің делегациясы да қатысты. Білім және мәдениет жөніндегі Еуропалық атқарушы агенттіктің қолдауымен Жоғары білім әлеуетін арттыру бағыты бойынша жүзеге асып жатқан жоба 2025 жылғы 14 шілдеде бастау алған. Семинарды университет Ректоры, профессор Драган Антич ашып, жобаның маңызына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында серіктестер мен жоба үйлестірушісі арасында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар гранттық жоба аясында білім беру бағдарламаларына енгізілген пән мазмұны жан-жақты талданып, оны жетілдіру жолдары қарастырылды.
Жобаның маңызды мүмкіндіктерінің бірі – білім алушыларға арналған академиялық қолдау. Жоба орындаушылары тарапынан білім беру бағдарламасында көрсетілген пәнді игерген екі білім алушы Норвегияның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде екі апталық күндізгі курсқа қатысуға жолдама алады. Бұл – халықаралық тәжірибе мен заманауи білім алуға берілген үлкен мүмкіндік.
Сонымен қатар, жоба аясында Биология кафедрасына қарасты «Қолданбалы биология және топырақтану» зертханасы қалдық суларды тазартудың соңғы үлгідегі заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Бұл университеттердің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық бағыттағы зерттеулердің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Жоспарға сәйкес жоба орындаушылары алты іссапарға қатысады. Атап айтқанда, Сербияның Ниш қаласы, Норвегияның Осло қаласы, Польшаның Ольштын қаласы, Тәжікстанның Душанбе қаласы, Қазақстанның Шымкент қаласы және Қырғызстанның Бішкек қалаларында өтетін кездесулер мен ғылыми жиындарға қатысу көзделген. Бұл сапарлар халықаралық әріптестік аясын кеңейтіп, тәжірибе алмасуға жол ашады.
Алдағы уақытта жоба тобы аталған мемлекеттердің ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу арқылы университет ғылымының дамуына өзіндік үлес қосады деп жоспарлануда.
