2026 жылғы 21 қазанда Astana IT University-де Қазақстандағы алғашқы Erasmus+ Alumni Event іс-шарасы өтті. Іс-шара Erasmus+ бағдарламасының түлектерін, дипломатиялық миссиялар, мемлекеттік ұйымдар, еуропалық компаниялар, қазақстандық жоғары оқу орындары және жеке сектор өкілдерін біріктірді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі мен Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі Astana IT University қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға 150-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында ЕО мүше мемлекеттер елшіліктерінің өкілдері, Қазақстандағы еуропалық компаниялардың өкілдері, Erasmus Mundus Joint Masters (EMJM) және Халықаралық кредиттік ұтқырлық (ХКҰ) бағдарламаларының түлектері, Жоғары білім беру әлеуетін арттыру (ЖБӘА) және Жан Моне жобаларының үйлестірушілері мен қатысушылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптар болды.
Бағдарлама кофе-брейктен басталды. Оның барысында қатысушыларға Astana IT University жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы жобалары, соның ішінде ЖБӘА бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан EDUCATIA жобасы таныстырылды.
Іс-шараның негізгі бағдарламасы университеттің мәжіліс залында жалғасып, ашылу сессиясы аясында құттықтау сөздерімен келесі спикерлер сөз сөйледі:
- Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасыдағы Елшісі Алешка Симкич
- Еуропалық комиссияның Бәсекеге қабілеттілік, таланттар ұтқырлығы және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Стефан Херманс
- Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі, Саясат Нұрбек
- Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев
- Astana IT University ректоры Альтаир Ахметов
Сонымен қатар, іс-шара бағдарламасы екі негізгі талқылауды қамтыды:
- «Erasmus+ бағдарламасының Қазақстандағы кәсіби өсу мен жоғары білімге ықпалы» тақырыбындағы түлектердің панельдік пікірталасы
- «Білім берудегі жасанды интеллект және цифрлық трансформация:
конференциядағы диалогтан түлектердің іске асыру кезеңіне дейін» тақырыбындағы сессия. Бұл сессия 2026 жылғы мамырда өткен жасанды интеллект тақырыбына арналған TAM конференциясының жалғасы болды.
Бағдарлама қатысушыларға идеяларымен және тәжірибелерімен алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға мүмкіндік берген нетворкинг-қабылдауымен аяқталды.
Іс-шара нәтижелері:
- Erasmus+ түлектерінің жетістіктерін кеңінен таныту. Іс-шара академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен бірлескен білім беру бағдарламаларының қатысушылардың академиялық және кәсіби дамуына, жаңа дағдыларды меңгеруіне және мансаптық өсуіне қосқан үлесін көрсетті.
- Түлектер мен жоғары білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту. Түлектер қатысқан панельдік пікірталас пен нетворкинг-қабылдау тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және халықаралық академиялық тәжірибені Қазақстандағы жоғары білім беру ұйымдарын дамыту мен инновацияларды енгізу үшін пайдалану жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
- Жоғары білім берудегі жасанды интеллект пен цифрлық трансформация мәселелері бойынша диалогты жалғастыру. Тақырыптық сессия оқыту, білім алу, университеттерді басқару және еңбек нарығында жасанды интеллектіні қолдануға байланысты мүмкіндіктер мен тәуекелдерді одан әрі талқылауға ықпал етті. Жасанды интеллектіні этикалық және жауапты пайдалану, ұйымдардың оны енгізуге дайындығы және қызметкерлерді оқыту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
- Академиялық қоғамдастық, мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы өзара қатынасты жандандыру. Мемлекеттік органдардың, университеттердің, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерінің қатысуы жоғары білім берудің болашағы, цифрлық инновациялар және өзгермелі еңбек нарығында қажетті дағдылар туралы пікір алмасуға арналған алаң қалыптастырды.
- ЕО мен Қазақстан арасындағы болашақ академиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін ілгерілету. Іс-шара Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы хабардарлықты арттыруға ықпал етті. Олардың қатарында EMJM бағдарламалары, ЖБӘА және Жан Моне жобалары бар. Бұл бағыттар академиялық әріптестікті, ұтқырлықты және білім алмасуды кеңейтудің әлеуетті тетіктері ретінде қарастырылды.
- Болашақ ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын айқындау. Түлектермен өзара қатынас, жасанды интеллектіні интеграциялау, цифрландыру және жоғары білім беру реформалары мәселелерін талқылау университеттер, түлектер және басқа да мүдделі тараптар арасында болашақ бастамалар мен әріптестікті дамытуға негіз қалады.
- Академиялық ұтқырлықтың кең ауқымды нәтижелерін қамтамасыз етудегі түлектердің рөлін нығайту. Іс-шара Erasmus+ түлектерінің халықаралық тәжірибесі мен кәсіби құзыреттерін университеттерді жаңғыртуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, оқыту сапасын арттыруға, интернационалдандыруға және Қазақстанда инновацияларды енгізуге пайдалану әлеуетін атап өтті.
Іс-шара материалдары мына сілтемеде.
Іс-шара фотоларын төмендегі сілтемелер арқылы көруге болады:
Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Telegram арнасы
Astana IT University Google drive платформасы