2025 жылғы 17 шілдеде Erasmus Mundus Joint Masters (EMJM) бағдарламасына қабылданған студенттерге арналған бағдарлау сессиясы өтті. Іс-шараға 43 стипендия иегері мен 11 стипендиясыз оқуға қабылданған студент, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің және Қазақстандағы Германия, Испания, Италия, Австрия, Португалия және Бельгия елшіліктерінің өкілдері қатысты.
Сессияны Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі — Алешка Симкич ханым ашты. Ол студенттерді құттықтап, Erasmus Mundus бағдарламаларының өзектілігін атап өтті. Елші студенттерді «белсенді болуға, көп сұрақ қоюға және өздерінің жайлы аймағынан шығуға» шақырды. Сондай-ақ ол студенттердің Қазақстанның Еуропадағы мәдени елшілері болатынын және оқу аяқталған соң еуропалық көзқарасты елге жеткізетін көпірге айналатындарын атап өтті.
Сондай-ақ сессияда келесі елшілер сөз сөйледі: Моника Иверсен ханым – Германияның Қазақстандағы Елшісі, Луис Франсиско Мартинес Монтес мырза – Испания Елшісі, Андреа Бахер ханым – Австрия Елшісі, Антонелло Де Риу мырза – Италия Елшісі.
Олар студенттерді шын жүректен құттықтап, өз елдерінде тұру және оқу туралы пайдалы кеңестерімен бөлісті.
Қазіргі EMJM студенті Айжан Сәкентай өзінің оқу жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жаңадан қабылданған студенттерге маңызды кеңестер берді. Сондай-ақ, EMJM түлегі және Erasmus Mundus Ассоциациясының Қазақстандағы өкілі Амир Түсупов оқу аяқталғаннан кейінгі мүмкіндіктер туралы ақпаратпен бөлісті.
Бағдарлама барысында сұрақ-жауап сессиясы да өтті. Германия, Испания, Италия, Австрия, Португалия және Бельгия елшіліктерінің өкілдері студенттердің сұрақтарына жауап беріп, виза рәсімдері мен әр елге қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті.
Сессия студенттерге қажетті ақпарат беріп, халықаралық байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік берді.
Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігіне, Еуропалық Одақ мүше мемлекеттері елшіліктеріне, қазіргі EMJM студенттері мен түлектеріне және 2025 жылғы студенттерге іс-шараға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді. Барша студенттерге алдағы оқу жолында үлкен табыс тілейміз!