2024 жылғы 19 желтоқсанда NEO KZ тобы Астана қаласында Erasmus+ бағдарламасының жыл сайынғы Ақпараттық күнін ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты — 2024 жылы Erasmus+ бағдарламасының Қазақстандағы табысты нәтижелерін қорытындылау, 2025 жылғы конкурс жаңалықтары туралы негізгі мүдделі тараптарды хабардар ету және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру болды.
Erasmus+ бағдарламасының Ақпараттық күні Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 400 орындық Президенттік залында өтті. Іс-шараға 155 офлайн және 123 онлайн қатысушы қатысты — олар 100-ден астам университет пен ұйымның өкілдері болды. Іс-шара басталар алдында NEO KZ тобы дайындаған, 2024 жылғы қызметінің негізгі сәттерін көрсететін қысқаметражды бейнеролик көрсетілді.
Қатысушыларды құттықтап сөз сөйлегендер: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов; Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич ханым және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары, Жоғары білімді реформалау сарапшысы (HERE) Гульлжан Джарасова.
NEO KZ үйлестірушісі Лаура Палуанова Erasmus+ бағдарламасының жаңа конкурсына шолу жасап, биыл енгізілген жаңалықтар туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, Халықаралық кредиттік ұтқырлық, Жоғары білімдегі әлеуетті арттыру, Жан Моне және Erasmus Mundus жобалары бойынша презентациялар ұсынылды.
Сұрақ-жауап сессиясы барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, спикерлерден нақты жауаптар алды. Қатысушылар 2025 жылғы конкурс талаптарындағы өзгерістер және бұрын таңдалған жобалар бойынша ЖОО тәжірибесі туралы тереңірек түсінік алды. Панельдік сессиялардан кейін жоғары оқу орындарының өкілдері В2В сессияға қатысты. Бұл форматта NEO KZ үйлестірушісі Лаура Палуанова, HERE тобы және 17 университеттің өкілдері жеке кеңес беріп, басқа ЖОО өкілдерімен байланыс орнатты. Осылайша, Ақпараттық күн Қазақстандағы Erasmus+ бағдарламасына қатысып жатқан барлық ЖОО үшін тәжірибе алмасуға және өзара байланысты нығайтуға тамаша алаң болды.
Ақпараттық күннің презентациялары осы сілтемеде қолжетімді.
Іс-шара жазбасы мына сілтемеде қолжетімді.