Image

ЖБӘА жобаларына қатысуға ниетті ЖОО-ларға арналған әрекеттер алгоритмі

Әрекеттердің бірыңғай не әмбебап алгоритмі жоқ. Дегенмен төменде берілген әрекеттер реті сізге үдеріске дайындығыңызды құрылымдауға көмектесуі мүмкін. 


1. ЖБӘА жоба өтінімінің идеясы/тақырыбы және консорциум

Erasmus+ бағдарламасының кез келген конкурсына дайындықты Бағдарлама нұсқаулығын зерттеуден бастауға кеңес береміз. Онда әр әрекеттің мақсаты, міндеті, басымдықтары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген. Нұсқаулық «ЖБӘА бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде, сонымен қатар сайтымыздың «Пайдалы материалдар» бөлімінде қолжетімді.

Кез келген ЖБӘА жобасы идеядан/тұжырымдамадан басталады. Идеяның негізінде жоба өтінімінің тақырыбы мен консорциум да құралады. Жоба өтінімінің идеясын қалыптастырмас бұрын, келесі материалдарды зерделеп шығуға кеңес береміз

  • Erasmus+ бағдарламасының нұсқаулығы. Онда ЖБӘА жобаларының мақсаттары, міндеттері, басымдықтары, жоспарлы нәтижелері, бағыттары арасындағы айырмашылық, консорциумдар құрамына қойылатын талаптар туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген.

  • Қазақстандық ЖОО-лардың қатысуымен ЖБӘА жобаларының дерекқоры. Құжатта қазақстандық ЖОО-лардың қатысуымен өткен бұрынғы жобалар мен қазіргі жобалар бойынша ақпарат берілген.

  • Жобалар нәтижелері платформасы. Бұнда Erasmus+ бағдарламасы аясында қаржыландыру алған барлық жоба туралы мәлімет берілген.

  • Осы әрекет бойынша NEO KZ жүргізген ақпараттық сессиялар жазбасын тыңдап шығыңыз. Сілтемелер «ЖБӘА бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде берілген.

ЖБӘА жобалары Бағдарламаға байланыспаған үшінші елдердің қажеттіліктерін басты назарға алады. Сол себепті жоба өтінімінің идеясы мен тақырыбы сол ЖОО-ның және жалпы сол елдің жоғары білім саласының қажеттіліктерінен туындауға тиіс. Бұл арада, егер жоба өтінімі 1 немесе 2 бағыт бойынша берілсе, Орта Азия елдеріне арналған аймақтық басымдықтарды ескеру қажет. Осылайша, жоба өтінімі тақырыбы жағынан 3 басымдықтың біріне сәйкес болауға тиіс: Жасыл мәміле, Цифрлық трансформация, Тұрақты өсу және жұмыс. 3 бағыт бойынша өтінімдер осы ел үшін белгіленген Global Gateway бастамасының басымдықтарына сәйкес келуі қажет. 

Жоба өтінімі идеясын/тұжырымдамасын міндетті түрде әріптестеріңіз бен басшылықпен талқылаңыз. ЖОО жоба өтінімінің тақырыбын анықтағаннан кейін консорциум құрамын ойластыра бастаған жөн.  


ЖБӘА жоба өтінімдерінің консорциум құрамына қойылатын талаптар: 

ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдер 

  • Кем дегенде 2 ел

  • Әр елден кем дегенде 1 ЖОО

Бағдарламаға байланыспаған үшінші елдер

  • Кем дегенде 1 ел

  • Әр елден кем дегенде 2 ЖОО

  • 3 бағыт (strand 3) жоба өтінімдері үшін Бағдарламаға байланыспаған әр үшінші елдің Жоғары білім министрлігінің қатысуы міндетті.  

ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдерден қатысатын ЖОО-лар саны Бағдарламаға байланыспаған үшінші елдерден қатысатын ЖОО санынан артық болмауы қажет.


2. ЖБӘА жоба өтінімі туралы серіктестермен келіссөз

Консорциумдағы әр серіктестің рөлі мен міндеттерін талқылау қажет. Сондай-ақ, ЖБӘА жобаларында қазақстандық ЖОО-лар серіктес ретінде де, үйлестіруші ретінде де қатыса алатындығын естеріңізге саламыз. Серіктестермен кездесу барысында жұмыс пакеттеріне жауапты ЖОО-ларды анықтап, жоба өтінімін әзірлеу мерзімдерін белгілеу қажет. 


3. ЖБӘА жоба өтінімін әзірлеу

Жоба өтінімін әзірлеу – бүкіл консорциумның жауапкершілігі. Әдетте, үйлестіруші ЖОО барлық серіктестен ақпарат жинап, оны жоба өтінімінде біріктіреді. Жоба өтінімін әзірлеуді бастау үшін өткен жылғы өтінім формасын қарап шығуға кеңес береміз. Дегенмен конкурс ашылғаннан кейін міндетті түрде FTP порталында берілетін өтінім формасын қолдану қажет. Өткен жылдардағы өтінім формаларының үлгілері «ЖБӘА бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде берілген.


4. ЖБӘА жоба өтінімін беру

Конкурс ашылғанға дейін:

  • ЕАСЕА жүргізетін онлайн ақпараттық сессияларға қатысыңыз. Онда конкурс жайында өзекті ақпарат және бәсекелес жоба өтінімін дайындау бойынша құнды кеңестер беріледі.  

  • Жаңартылған Erasmus+ бағдарламасының нұсқаулығын қарап шығыңыз, себебі ол жыл сайын конкурс ашылуына таман жаңартылып отырады.

Конкурс жарияланғаннан кейін конкурс құжаттарымен, өтінім формасымен, бюджет кестесімен т. б. танысып шығыңыз. Сонымен қатар NEO KZ жүргізетін ақпараттық және тренинг сессияларына қатысыңыз. 

Жоба өтінімін FTOP порталында үйлестіруші ЖОО береді. Жоба өтінімін беру үдерісін соңғы мерзімнен көп уақыт бұрын аяқтауға кеңес береміз. 


5. ЖБӘА жобалары конкурсының нәтижелері

Әдетте конкурстық іріктеу нәтижелері жылда шілденің соңында не тамыздың басында белгілі болады. Үйлестіруші ЖОО және консорциумның барлық мүшесі конкурс нәтижелері туралы хабарламаны FTP порталынан алады. NEO KZ та конкурс нәтижелері туралы ақпаратты өз сайтында және әлеуметтік желідегі арналарында жариялайды. 


6. Декларация мен гранттық келісімге қол қою; ЖБӘА жобасының басталуы

Жоба қаржыландыруға іріктеген жағдайда консорциумның барлық мүшесі FTP порталында тиісті құжаттарға қол қоюлары қажет. Порталда құжаттарға қол қоюда қиындық туған жағдайда, NEO KZ хабарласу қажет. Барлық тиісті құжатқа қол қойылғаннан кейін жобаны жүзеге асыру басталады.