Әрекеттердің бірыңғай не әмбебап алгоритмі жоқ. Дегенмен төменде берілген әрекеттер реті сізге үдеріске дайындығыңызды құрылымдауға көмектесуі мүмкін.
1. ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдерден серіктес ЖОО-ларды іздеу
Erasmus+ бағдарламасының кез келген конкурсына дайындықты Бағдарлама нұсқаулығын зерттеуден бастауға кеңес береміз. Онда әр әрекеттің мақсаты, міндеті, басымдықтары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген. Нұсқаулық «ХКҰ бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде, сонымен қатар сайтымыздың «Пайдалы материалдар» бөлімінде қолжетімді.
ХКҰ жобаларына өтінімді тек ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдердің ЖОО-лары ғана бере алатындықтан, қазақстандық ЖОО-лар әрдайым ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдерден серіктес ЖОО-ларды іздеуге және серіктестердің дерекқорын үздіксіз кеңейтіп отыруға тиіс. Серіктес іздеуде өз университетіңізге ұқсас білім беру бағдарламаларын ұсынатын ЖОО-ларды таңдау қажет, себебі бұл студенттер ұтқырлығы кезінде олардың кредиттерін есептеу үдерісін анағұрлым жеңілдетеді. Төменде серіктес іздеу жөніндегі кейбір кеңес берілген.
ЖОО басшылығы, ПОҚ, ӘБҚ, студенттері мен түлектері арқылы орнаған, қолда бар байланыстарды пайдаланыңыз.
Бар болған жағдайда ЖБӘА жобалары арқылы орнаған байланыстарды қолданыңыз.
Қазақстандағы шетел елшіліктерімен жұмыс жасаңыз.
NEO KZ және ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдердегі Ұлттық агенттіктерден сұрастырыңыз.
Сайттың "Мүмкіндіктер" - "Серіктестер іздеу" бөлімінде берілген ресурстарды қолданыңыз.
2. Серіктес ЖОО-лармен ынтымақтастық жөнінде келіссөз жүргізу және ХКҰ жоба өтінімін беруге келісу
Қазақстандық ЖОО-лар ЕО мүше-елдер мен Бағдарламаға байланысқан үшінші елдердегі серіктес ЖОО-лармен хабарласып, ХКҰ жобаларына қатысу ниетін білдіру қажет. Егер ол сіз бұрын жұмыс істеп көрмеген жаңа серіктес болса, оған ЖОО жайлы қысқаша ақпарат жіберу қажет, яғни ЖОО-ның білім беру бағдарламалары, студенттік контингенті, аккредитациясы жайлы, т. б. мәлімет. Сондай-ақ, алдын ала институтаралық келесімді де талқылап, ортақ мәмілеге келуге болады (алмасатын студенттер, ПОҚ, ӘБҚ санын анықтау).
3. Серіктес ЖОО-дан келген сауалнаманы толтыру және жіберу
Конкурс жарияланғаннан кейін (қарашаның соңы) серіктес ЖОО қазақстандық ЖОО-ға оны өтінімге қосу үшін сауалнама жібереді. Сауалнамада өзіңіздің ЖОО туралы толық ақпарат бету қажет. Сауалнаманы серіктес ЖОО-ға уақытылы жіберу аса маңызды. Сонымен қатар, серіктес ЖОО қазақстандық ЖОО-дан оның OID (Organisation ID) немесе PIC (Participant Identification Code) кодын сұрауы мүмкін. Ұйымыңыздың OID және PIC кодтарын тексеру үшін «ХКҰ бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде көрсетілген ұйымның OID мен PIC алу бойынша нұсқаулыққа жүгініңіз.
4. ХКҰ конкурсы нәтижесін алу
Әдетте конкурстық іріктеу нәтижелері жылда шілденің соңында не тамыздың басында белгілі болады. Қаржыландыруға іріктелген қазақстандық ЖОО-лар қатысатын ХКҰ жобаларының тізімін NEO KZ жібереді. Кей жағдайда серіктес ЖОО да конкурс нәтижесін қазақстандық ЖОО-ға хабарлайды.
5. Серіктес ЖОО-мен институтаралық келісімге қол қою
Қаржыландыруға іріктелген ХКҰ жобалары туралы ақпаратты алған бетте қазақстандық ЖОО серіктес ЖОО-ға хабарласып, институтаралық келісімге қол қою үдерісіне дайындықты бастауы қажет. Келісімде ХКҰ жобаларын егжей-тегжейлі нақтылау маңызды (алмасатын студенттер, ПОҚ, ӘБҚ саны). Институтаралық келісім үлгісі «ХКҰ бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде берілген.
6. ХКҰ жобаларын жүзеге асыруды бастау
Институтаралық келісімге қол қойылып, ұтқырлық мерзімдері нақтыланған соң, қазақстандық ЖОО серіктес ЖОО-ның талаптарына сай іріктеу үдерісін бастай алады. ХКҰ жобаларына қатысатын студенттерді, ПОҚ, ӘБҚ іріктеу конкурстық негізде жүргізілуге тиіс. Конкурстың басталғандығы жөнінде ЖОО-ның интернет-ресурсында жариялау қажет. Ұтқырлық жөніндегі келісімдердің үлгілері «ХКҰ бойынша пайдалы материалдар» бөлімінде берілген.