Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні және Техникалық көмек миссиясы (TAM) аясындағы «Жоғары білім саласындағы жасанды интеллект» конференциясы

2026 жылғы 21-22 мамырда Астана қаласында Seifullin University алаңында Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің (EACEA) қолдауымен Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні мен «Жоғары білімдегі жасанды интеллект (ЖИ)» конференциясын өткізді.

Іс-шара жоғары білімді дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және ЖИ технологияларын енгізу мәселелерін талқылауға арналған өңірдегі ең ірі алаңға айналды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің министрліктері, жоғары оқу орындары, Erasmus+ ұлттық кеңселерінің өкілдері, зерттеушілер және Жоғары білімді реформалау ұлттық сарапшылар топтары (HERE) қатарынан 300-ден астам қатысушы қатысты. Қатысушылардың арасында Қазақстанның 17 қаласынан келген 57 жоғары оқу орнының және Орта Азия елдерінің 8 қаласынан келген 14 университет өкілдері болды. Сонымен қатар, іс-шараға Еуропалық Одақтан келген сарапшылар да қатысты:

  • Домингез Паррадо Мария Соль, EACEA жобалық офицері
  • Маттео Теста, Италиядағы CIMEA NARIC жоба менеджері – біліктіліктерді бағалау жөніндегі аға маманы
  • Мартин Эбнер, Білім беру технологиялары бөлімінің басшысы, Грац техникалық университеті, Австрия (онлайн)

Іс-шара қатысушыларына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алғы сөз сөйлеп, іс-шараның стратегиялық бағыты мен жалпы мазмұндық аясын айқындады. Өз сөзінде ол ЖИ-дің қарқынды дамуы жоғары білім беру жүйесіне туындататын негізгі сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерге тоқталып, цифрлық экономика үшін жаңа буын мамандарын даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақтың Елшісі Алешка Симкич Еуропалық Одақ пен Орта Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Erasmus+ бағдарламасының халықаралық әріптестікті дамытудағы, академиялық ұтқырлықты ілгерілетудегі және адамдар мен мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.

Іс-шара қатысушылары мен қонақтарына сондай-ақ Seifullin University Басқарма төрағасы – ректоры Қанат Тіреуов алғы сөз арнады. Өз сөзінде ол аталған іс-шараның өңір үшін маңыздылығына тоқталып, Erasmus+ бағдарламасының университетті интернационалдандыруға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері де құттықтау сөз сөйледі. Бұл Орта Азия елдерінің білім беру кеңістігін бірлесіп дамытуға деген жоғары қызығушылығы мен өңірлік ынтымақтастық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

Іс-шара бағдарламасы екі негізгі тақырыптық бөлімге бөлінді. Бірінші күн Erasmus+ бағдарламасына, оның Орта Азиядағы жоғары білімді жаңғыртуға және халықаралық әріптестікті дамытуға қосқан ықпалына арналды. Екінші күн жоғары оқу орындарын басқару мен білім беру үдерісіне ЖИ-ді енгізу мәселелеріне бағытталды.

Екі күн бойы Erasmus+ жобалары мен ЖИ саласындағы бастамалардың көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстанның 23 жоғары оқу орны халықаралық жобаларды іске асырудағы табысты тәжірибелері мен ЖИ саласындағы инновациялық шешімдерін таныстырды.

Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі Орта Азия елдері мен Еуропалық Одақ өкілдерінің Astana IT University университетіне сапары болды. Сапар барысында қатысушылар оқу орнының ЖИ және цифрлық технологиялар саласындағы заманауи әзірлемелерімен танысты.

Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі Seifullin University мен Орта Азияның жетекші жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі болды. Жаңа келісімдер академиялық әріптестікті дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған. Құжаттарға Халықаралық Ала-Тоо университеті, Қырғызстан халықаралық университеті, Ош мемлекеттік университеті, Salymbekov University, А. Рудаки атындағы Куляб мемлекеттік университеті, Наманган мемлекеттік техникалық университеті, Sarbon University және Қарағанды индустриялық университеті өкілдері қол қойды.

Іс-шара қорытындылары:

  1. Бәсекеге қабілетті жоба өтінімдерін әзірлеу, сондай-ақ халықаралық жобаларды тиімді басқару және іске асыру бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
  2. Тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар орнату және әріптестіктерді талқылау арқылы жоғары білім беру ұйымдары мен басқа да мүдделі тараптар арасындағы өңірлік байланыстар нығайтылып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері қалыптастырылды.
  3. ЖИ-дің Болон үдерісінің мақсаттарын іске асыруға және Еуропалық жоғары білім кеңістігінің негізгі қағидаттарына, соның ішінде білім сапасы мен академиялық адалдық мәселелеріне ықпалы талқыланды.
  4. Орта Азия елдері министрліктерінің өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, зерттеушілер және басқа да мүдделі тараптар арасында жоғары білім беру саласында ЖИ-ді қолданудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері бойынша мазмұнды диалог алаңы құрылды.
  5. Болон үдерісінің құндылықтары мен қағидаттарына сәйкес жоғары білім беру саясаты мен тәжірибесіне ЖИ технологияларын жауапты, этикалық және адамға бағдарланған түрде енгізудің негізгі тәсілдері мен ұсынымдары тұжырымдалды.

Іс-шара қорытындылары бойынша ұсынымдар

Өңірлік іс-шараның қорытындысы бойынша Орта Азия елдерінің қатысушылары төмендегідей ұсынымдар әзірледі:

  1. Интернационалдандырудың жаңа моделіне көшуді жүзеге асыру қажет. Бұл модель өңірлік ынтымақтастықты күшейтуді және дәстүрлі академиялық ұтқырлық шеңберінен шығып, интеграцияланған білім беру экожүйелерін қалыптастыруды көздейді. Осы тұрғыда трансұлттық білім беруді академиялық ұтқырлық эволюциясының келесі кезеңі ретінде қарастыру ұсынылады. Ол біліктіліктерді өзара тануды, сапаны қамтамасыз етудің келісілген тетіктерін, ортақ цифрлық инфрақұрылымды, жоғары білім беру ұйымдары арасындағы стратегиялық әріптестікті және үйлестірілген саяси тәсілдерді қамтиды.
  2. Өсіп келе жатқан жаһандық бәсекелестік жағдайында Орта Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты табысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып нығайту қажет. Еуропалық Одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (ASEAN), Еуропалық университет институты (EUI) және ASEAN университеттер желісі (AUN) сияқты өңірлік бірлестіктер мен бастамалар шеңберіндегі тиімді өзара іс-қимыл жоғары білімнің дамуына ықпал еткеніндей, өңірлік ынтымақтастықты күшейту Орта Азияның жоғары білім беру жүйелері мен ұйымдарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін, орнықтылығын және халықаралық танымалдылығын арттыра алады. Тәжірибе мен білім алмасуды, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыруды, ортақ білім беру ресурстарын пайдалануды, сондай-ақ білім беру және ғылым саласындағы саясат мәселелері бойынша өңірлік диалогты дамытуды қолдау мақсатында Орта Азияның ЖИ саласындағы жоғары білім беру желісін құру.
  3. Жоғары білім беруде ЖИ-ді пайдаланудың қағидаттарын айқындайтын тұжырымдамалық негіз әзірлеу қажет. Бұл негіз ұлттық және институционалдық стратегиялар мен саясаттарды қалыптастыруға арқау бола алады.
  4. Жаппай ашық онлайн курстар (MOOC) үшін ЖИ-ге негізделген аватарларды әзірлеп, қолдану ұсынылады.
  5. ЖИ-ді зерттеу мен қолданудың бағыттары мен перспективаларын кеңейту қажет. Атап айтқанда, ЖИ мен қоршаған орта арасындағы өзара байланысты, оның ішінде деректерді өңдеу жүйелерін салқындатуға жұмсалатын судың көп мөлшерде тұтынылуы мәселелерін, сондай-ақ су ресурстарын қайта пайдалану және рециркуляциялау тетіктерін зерттеу маңызды. Бұл ЖИ-ді енгізудің тікелей және жанама салдарын зерттеуге арналған пәнаралық зерттеулерді дамытудың маңыздылығын көрсетеді.
  6. Математиканы ЖИ-ді дамытудың іргетасы ретінде қарастыру қажет. Осыған байланысты іргелі математикалық ғылымдар мен математика мұғалімдерін даярлауды қоса алғанда, математикалық пәндер бойынша дайындықты күшейту ұсынылады. Практикалық ұсыныс ретінде ЖИ көмегімен әдейі қателер енгізілген тапсырмаларды әзірлеп, білім алушылардың оларды анықтап, түзетуіне жағдай жасау ұсынылады. Сонымен қатар, ЖИ мен цифрлық трансформацияның негізі ретінде математиканы, деректерді талдауды, есептеуіш ойлауды және сабақтас пәндерді оқытуды күшейту, математикалық білім беруді жаңғыртуды және STEM-пәндері оқытушыларының кәсіби дамуын қолдау қажет.
  7. Орта Азия елдеріндегі жоғары білім беру саласына ЖИ-ді енгізуге байланысты сын-қатерлердің ұқсастығын ескере отырып, шешімдерді өңірлік ынтымақтастық негізінде әзірлеу ұсынылады. Әрбір елдің әлеуеті неғұрлым жоғары болған сайын, тұтас өңірдің де әлеуеті арта түседі.
  8. Жоғары білім беруде ЖИ-ді жауапты әрі этикалық тұрғыдан пайдалануға бағытталған ұлттық және институционалдық стратегияларды әзірлеуге жәрдемдесу қажет. Мұндай стратегиялар академиялық адалдық, деректерді қорғау, сапаны қамтамасыз ету, инклюзивтілік, цифрлық этика және ЖИ-дің оқыту, білім алу және зерттеу үдерістеріне ықпалы мәселелерін қамтуға тиіс. Орта Азия университеттері ЖИ технологияларын енгізумен ғана шектелмей, ЖИ жүйелерінің ашықтығын, этикалылығын және сенімділігін қамтамасыз ететін білім беру экожүйелерін қалыптастыруға баса назар аударуға тиіс.
  9. Университеттерде ұлттық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған практикалық ЖИ шешімдерін әзірлеу үшін ғалымдарды, студенттерді, индустрия өкілдерін және мемлекеттік органдарды біріктіретін ЖИ инновациялық орталықтары мен пәнаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын құру.
  10. Заманауи цифрлық инфрақұрылымға инвестиция салу, кадрлардың біліктілігін арттыру және инновациялық оқыту әдістерін енгізу арқылы жоғары білім беру ұйымдарының цифрлық әлеуеті мен ЖИ саласындағы құзыреттерін дамыту қажет. Әсіресе өңірлік жоғары оқу орындары мен технологиялық ресурстары шектеулі мекемелердегі оқытушылар мен студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше назар аудару ұсынылады.
  11. Білім беру, инженерия, әлеуметтік ғылымдар, экологиялық зерттеулер, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару сияқты әртүрлі даярлық бағыттарының білім беру бағдарламаларына тиісті тақырыптарды енгізу арқылы ЖИ-ді зерттеу мен қолдануда пәнаралық тәсілдерді ілгерілету қажет. Университеттерге ЖИ дамуының кең ауқымды әлеуметтік, экологиялық және этикалық салдарын зерттеуге бағытталған ғылыми жұмыстарды қолдау ұсынылады.
  12. ЖИ қолдауымен жұмыс істейтін онлайн курстарды, бейімделетін оқыту жүйелерін, виртуалды зертханаларды және цифрлық білім беру ассистенттерін қоса алғанда, ЖИ негізіндегі білім беру құралдары мен цифрлық білім беру ресурстарын пайдалануды ынталандыру қажет. Сонымен бірге бұл технологиялардың сыни ойлауды, шығармашылықты және білім берудегі адами өзара әрекеттестікті алмастырмай, толықтырып отыруын қамтамасыз ету маңызды.
  13. Білім беру үдерісіндегі оқытушының шешуші рөлін сақтау. ЖИ оқытушылардың қызметін алмастырмай, оны толықтыруға тиіс. Жоғары оқу орындары «шешім қабылдау үдерісіндегі адам» (human-in-the-loop) қағидатын қамтамасыз етіп, толық автоматтандырылған бағалау жүйелерінен бас тартып, оқытудағы мазмұнды адами өзара әрекеттесуді сақтай отырып, ЖИ-ді педагогикалық қызметті қолдау құралы ретінде пайдалануы қажет.
  14. Университеттердің, студенттердің, зерттеушілер мен жас мамандардың цифрлық трансформация, инновациялар және ЖИ салаларымен байланысты Erasmus+, Horizon Europe бағдарламаларына және басқа да халықаралық әріптестік бастамаларына кеңінен қатысуына ықпал ету. Жоғары білім беруді дамытудың басым бағыттары бойынша жобаларды бірлесіп әзірлеу және іске асыру мақсатында Орта Азия университеттерінің тақырыптық өңірлік консорциумдарын құруды қолдау.
  15. Жоғары білім беру реформалары мен ЖИ саласындағы бастамалардың еңбек нарығының қажеттіліктеріне, технологиялық өзгерістерге және ұлттық даму басымдықтарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін университеттер, мемлекеттік органдар, жеке сектор өкілдері және халықаралық серіктестер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет.
  16. Жоғары білім беруде ЖИ-ді енгізу инклюзивтілік пен білім беру мүмкіндіктеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етуге тиіс. Бұл үшін қалалық және ауылдық өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға, сондай-ақ осал топтардың білім алуға қолжетімділігін кеңейтуге назар аудару қажет.
  17. Орта Азия елдері арасында жоғары білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу мәселелері бойынша тұрақты диалог пен тәжірибе алмасуды дамытуға ықпал ету, оның ішінде үздік тәжірибелерді тарату, саясат қалыптастыру тәсілдерімен, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен және инновациялық білім беру шешімдерімен алмасуды Erasmus+ өңірлік ақпараттық күндері және басқа да осы бағыттағы іс-шаралар арқылы жүзеге асыру.

Өңірлік іс-шара Орта Азия елдерінің халықаралық академиялық ынтымақтастыққа, цифрлық трансформацияға, инновацияларға және тұрақты жоғары білім беру жүйелерін дамытуға жоғары деңгейде бейілді екенін көрсетті. Сонымен қатар, ол ынтымақтастық, диалог және ортақ көзқарас өңірдің өзара тығыз байланысқан, инклюзивті және болашаққа бағдарланған академиялық қауымдастығын қалыптастыру жолындағы негізгі қозғаушы күштер екенін тағы да растады.

Іс-шара бағдарламасы мына сілтемеде.

Іс-шара материалдары мына сілтемеде.

Іс-шара фотолары мына сілтемеде.

Іс-шара жазбасы мына сілтемеде.

Image