Астанада «Халықаралық бәсекеге қабілеттілік және ынтымақтастық» TAM семинары өтті

2026 жылғы 28-29 қыркүйекте Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі (NEO KZ) Қазақстанның жоғары білімді реформалау жөніндегі сарапшыларымен (HERE) бірлесіп, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық бәсекеге қабілеттілік және ынтымақтастық» тақырыбында Техникалық көмек миссиясы (TAM) семинарын өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҚР ҒЖБМ) мен Білім, мәдениет және аудиовизуалды құралдар жөніндегі Еуропалық атқарушы агенттіктің қолдауымен ұйымдастырылды. Семинарға Қазақстанның 14 қаласындағы 34 жоғары оқу орнынан 57 өкіл қатысты. Олардың қатарында проректорлар, құрылымдық бөлімшелер басшылары, зерттеушілер, сарапшылар және жоғары оқу орындарының басқа да қызметкерлері болды.

Семинардың ашылуында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Басқарма мүшесі-әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы; Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі басшысының орынбасары, Саясат, баспасөз және ақпарат бөлімінің басшысы, бірінші кеңесші Ааро Юлитало; сондай-ақ ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова құттықтау сөз сөйледі . Екі күндік бағдарлама жаһандық бәсекелестік жағдайында қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және стратегиялық халықаралық ынтымақтастығын дамыту әлеуетін нығайтуға бағытталды.

Семинар барысында қатысушылар келесі бағыттарды қарастырды:

  • QS және THE жаһандық университеттік рейтингтердің әдістемелері мен көрсеткіштері
  • институционалдық KPI және рейтингтердегі нәтижелерді жақсартуға бағытталған деректерге негізделген тәсілдер
  • халықаралық білім беру бағдарламалары, оның ішінде қос дипломды және бірлескен дипломды бағдарламалар, сондай-ақ ағылшын тіліндегі бағдарламалар
  • академиялық және зерттеу саласындағы жетістіктер және халықаралық ғылыми ынтымақтастық
  • халықаралық әріптестікті дамыту және әртараптандыру стратегиялары
  • әріптестіктің тиімділігі мен тұрақтылығын мониторингтеу тетіктері

Семинарда практикалық жұмысқа ерекше назар аударылды. Бірқатар стратегиялық зертханалар аясында қатысушылар өз ұйымдарының күшті және әлсіз жақтарын талдап, негізгі тиімділік көрсеткіштерін әзірледі, интернационалдандыру портфельдерін қалыптастырды және шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бенчмаркинг жүргізді.

Семинар жұмысына EHEA сарапшысы, лазерлік физика профессоры, Грекияның Hellenic Mediterranean University интернационалдандыру және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры Константинос Петридис, сондай-ақ ҚР ҒЖБМ Жобаларды басқару офисінің академиялық үздікдік және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жобалары тобының басшысы Фатима Жақыпова; Қазақстандағы Horizon Europe ұлттық үйлестірушісі Алия Сембаева және ҚР ҒЖБМ Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры Элдар Төлеков қатысты.

Спикерлер халықаралық бәсекеге қабілеттілік пен ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, соның ішінде жаһандық университеттік рейтингтер мен институционалдық тиімділік көрсеткіштерін, академиялық және зерттеу әлеуетін және халықаралық танымалдылықты арттыру стратегияларын, халықаралық қаржыландыру мүмкіндіктеріне қол жеткізуді, сондай-ақ ұлттық басымдықтар мен халықаралық зерттеу күн тәртібіне сәйкес институционалдық стратегияларды әзірлеу мәселелерін қарастырды.

Семинар сараптамалық білім мен институционалдық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық беделін және ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған практикалық тәсілдерді әзірлеуге арналған маңызды алаң болды.

Іс-шара материалдары мына сілтемеде.

Image